«Әрине, бұл – сандырақ». UFC-де өнер көрсететін қазақстандық Рафаэль Физиев Топурияның сөзіне жауап берді

«Әрине, бұл – сандырақ». UFC-де өнер көрсететін қазақстандық Рафаэль Физиев Топурияның сөзіне жауап берді
Бокс
Жекпе-жек

Getty Images

UFC ұйымындағы қазақстандық тумасы Рафаэль Физиев испаниялық-грузиялық файтер Илия Топурияның сөзін «сандырақ» деп атады, деп хабарлайды Bassport.kz сайты Matchtv.ru-ға сілтеме жасап.

Еске салайық, мамыр айында UFC президенті Дэйна Уайт Ислам Махачевтің жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуден бас тартып, енді жартылай орта салмақта жекпе-жек өткізетінін хабарлаған болатын. 33 жастағы ресейлік спортшының қарсыласы – австралиялық Джек Делла Маддалена.

Ал бос қалған жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу үшін Илия Топурия мен бразилиялық Чарльз Оливейра 28 маусымда АҚШ-та өтетін UFC 317 турнирінде жекпе-жекке шығады.

Топурия Махачев өзін «қорқақ» деп атап, «маған қарсы шығуға батылы жетпеді» деген еді. Бұған жауап ретінде Махачев Топурияны «Испаниядан шыққан сөз көп, шашы әдемі бозбала» деп атаған.

Рафаэль Физиев бұл жағдай туралы былай деді:

– Топурияның «Ислам менен қорқып, қашып кетті» деген сөзіне қалай қарайсың?
– Әрине, бұл – бос сөз, сандырақ. Қандай қорқу болуы мүмкін? Біздің бәріміздің жалғыз қорқынышымыз – жеңіліс. Басқа ештеңеден қорықпаймыз. UFC-дегі біз білетін жігіттердің ешқайсысы жекпе-жектен қорықпайды. Бар болғаны – ешкім жеңілгісі келмейді.
Топурия өз ісін істеп жатыр, болашақ жекпе-жекті жарнамалап, хайп жасап жүргені ғой, мүмкін.


– Топурия мен Махачевтің жекпе-жегін көргің келе ме?

– Осындай деңгейдегі кез келген жекпе-жек қызық болар еді. Қарау қызық болар еді, әрине, – деді Физиев.


Айта кетейік, Рафаэль Физиев 21 маусым, сенбі күні UFC Fight Night турнирінде Бакуде чилилік Игнасио Бехамондеспен жеңіл салмақтағы жекпе-жек өткізеді.