Әлемдік аренада ел мерейін асырған спортшыға құрмет

Әлемдік аренада ел мерейін асырған спортшыға құрмет
Басқа

Түркістандық каратэші Әсел Қанай «Grand Winner – 2025» атағымен марапатталып, облыс басшылығы тарапынан ерекше ілтипатқа ие болды.

Бүгін Түркістан облысында спорт саласының айрықша оқиғасы орын алды. Каратэ спортында әлемдік деңгейдегі ең беделді атақтардың бірі — «Grand Winner – 2025» мәртебесіне ие болған Әсел Қанайды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев салтанатты түрде қабылдап, арнайы құттықтады.

Қабылдау барысында спортшының табандылығы мен халықаралық аренадағы жетістігі жоғары бағаланды. Жиынға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы, жаттықтырушы мамандар, сондай-ақ өңірдің спорт саласындағы беделді өкілдері қатысты.  

Ертай Алтаев өз сөзінде Түркістан облысы үшін мұндай жетістіктің үлкен мақтаныш екенін атап өтіп, Әселдің жеңісі — өңір спортшыларының кәсіби деңгейінің артқанын дәлелдейтін нақты көрсеткіш екенін айтты:

– Түркістандық спортшылар еліміздің абыройын асқақтатып келеді. Облыс әкімдігі тарапынан спортшыларға әрдайым қолдау көрсетеміз. Қазіргі таңда каратэден Түркістан облысы алдыңғы орындарда тұр. Сізге облыс жұрты ғана емес, бүкіл Қазақ елі барынша қолдау көрсетеді. Әрқашан спортымызды дамытып, қазақ халқының абыройын асқақтата беріңіз. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының атынан алғыс білдіре отырып, спорттағы жолыңызда толағай табыс тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты қабылдау соңында Әсел Қанайға қаржылай сертификат табыс етіліп, спорт жолында одан әрі табысты болуына тілектестік білдірілді. Бұл – Түркістан облысының спортты жүйелі түрде қолдайтынының айқын көрінісі.

Айта кетейік, Әсел Қанай — каратэден халықаралық деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. 2025 жылы өткен «Karate 1 Premier League Top–32» рейтингтік турнирлерінің қорытындысы бойынша ол екі қола және бір күміс медаль иеленіп, әлемдік рейтингте 61 келі салмақ дәрежесінде 1-орынға көтерілді. Бұл нәтиже арқылы ол «Grand Winner – 2025» атағын жеңіп алған болатын.