Кентаулық волейболшы Орталық Азия чемпионатында «Үздік ойыншы» атанды

16 жасқа дейінгі қазақстандық жасөспірімдер CAVA турнирінде күміс жүлде иеленді.
Түркістан облысына қарасты Кентау қаласының жас спортшысы Бейбарыс Еркөкшеев волейболдан өткен Орталық Азия елдерінің чемпионатында үздік нәтиже көрсетіп, «Үздік ойыншы» аталымына ие болды. Аймақ жастарының атын асқақтатқан бұл жеңіс Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен CAVA (Central Asia Volleyball Association) турнирі аясында тіркелді.
Аталған халықаралық додаға Орталық Азия елдерінің 16 жасқа дейінгі ұлттық құрамалары қатысып, жасөспірімдер арасындағы ең мықты команданы анықтады. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанып, ел намысын лайықты деңгейде қорғады. Командалық ойын, кәсіби дайындық пен спорттық шеберлік – жас волейболшылардың негізгі артықшылығы болды.
Турнирдің басты жұлдыздарының бірі – Бейбарыс Еркөкшеев. Ол әр ойында сенімді әрекет етіп, шабуылда да, қорғаныста да ерекше белсенділік көрсетті. Чемпионаттың қорытындысы бойынша “Үздік ойыншы” деген мәртебелі атақ дәл осы кентаулық спортшыға бұйырды. Бұл марапат тек жеке шеберлікті ғана емес, сонымен қатар командалық рух пен тактикалық ойынды терең меңгерудің дәлелі саналады.
Бейбарыс Еркөкшеев – 2010 жылы 27 мамырда дүниеге келген. Қазіргі таңда Кентау қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы. Сондай-ақ, ол №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Жас спортшының жетістігі – жаттықтырушылар мен ата-аналардың ортақ еңбегінің жемісі.