«Реал» клубтық әлем чемпионаты жайлы ұсынған идеяны ФИФА қолдамады

ice profy
Мадридтік «Реал» клубы клубтық әлем чемпионатын төрт жылда емес, екі жылда бір рет өткізу туралы ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Бұл бастама АҚШ-тың Майами қаласында өткен кездесуде айтылды. Жиында футбол клубтары мен федерациялар турнирдің болашағын талқылаған. Испаниялық клуб өз ұсынысын қаржылық тұрғыдан негіздеді: соңғы чемпионатта сатылған билеттердің 25 пайызы тек «Реал» жанкүйерлеріне тиесілі болған. Мадридтіктер бұл жарысты табыс көзі ретінде қарастырып отыр.
Алайда, ФИФА бұл ұсынысты қолдай қоймады. The Guardian басылымының мәліметінше, ұйым президенті Джанни Инфантино мұндай жиілік артық болады деп санайды.
Сонымен қатар, ФИФА 2029 жылы өтетін келесі турнирде қатысушы командалар санын 48-ге дейін арттыруды қарастырып жатыр. Әлі нақты ұйымдастырушы мемлекет бекітілген жоқ. Қатар өз кандидатурасын ұсынғанымен, басты үміткерлер қатарында Марокко, Испания және Португалия бар. Алайда, бұл елдердің ұстанымдары әртүрлі: Марокко мен Испания жарысты жеке өткізуге мүдделі болса, Португалия әзірге белсенділік танытқан жоқ.
Айта кетейік, жаңартылған форматтағы алғашқы клубтық әлем чемпионаты АҚШ-та 15 маусым мен 13 шілде аралығында өтті. Финалда «Челси» ПСЖ командасын 3:0 есебімен жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.