Алиби Идрис UFC келісімшарты үшін шешуші жекпе-жек алдында ерекше мүмкіндікке ие болды

Sport Pulse
NAIZA лигасының президенті Нұрбек Қарабала қазақстандық спортшы Алиби Идрис пен америкалық Джозеф Моралес арасындағы алдағы жекпе-жек жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz Meta-ratings.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарабаланың айтуынша, The Ultimate Fighter шоуына қатысу спортшылар үшін айрықша артықшылық береді:
«TUF жобасында көзге түсу UFC-мен жай ғана келісімшартқа қол қоюдан да тиімді. Шоу жарты жыл бойы реалити-форматта шығады, оған Дэниэль Кормье мен Чейл Соннен секілді жұлдыздар назар аударады. Бұл үлкен аудиторияға жол ашады әрі спортшының танымалдығын арттырады. UFC-ге TUF арқылы келгенде, спортшыны жанкүйерлер жақсы таниды, ұйымның ішкі жүйесімен де таныс болады. Бұл мықты бастама, ең бастысы — нәтижелі өнер көрсетіп, орнын сақтап қалу», – деді лига басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін жеңіліссіз келе жатқан Алиби Идрис финалдық жекпе-жекке дейінгі ресми таразыдан сәтті өтті. Ол 17 тамыз күні Чикагода (АҚШ) өтетін UFC 319 турнирінде америкалық Джозеф Моралеске (12-2) қарсы октагонға шығады. Бұл кездесуде жеңіске жеткен спортшы UFC-мен келісімшартқа қол жеткізеді.
Еске сала кетейік, Идрис соңғы кездесуін 2024 жылдың мамыр айында өткізіп, бразилиялық Эдилсон Сантос Жуниорды алғашқы раундта нокаутқа түсірген болатын. Ал оның қарсыласы Моралес соңғы рет 2023 жылдың ақпанында өнер көрсетіп, америкалық Энтони Дуды үшінші раундта сабмишнмен жеңген еді.