Дмитрий Огай: «Егер өзгеріс болмаса, қазақстандық футбол құлдырай береді»

Футбол
ҚФФ
Қазақстан Премьер-лигасында бірнеше клубты жаттықтырған тәжірибелі маман Дмитрий Огай еліміздегі жасөспірімдер құрамалары мен бапкерлер мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Bassport.kz BorodAbata.kz сайтына сілтеме жасап.
Маманның айтуынша, көптеген елдерде жасөспірімдер құрамасын жас әрі жергілікті бапкерлер жаттықтырады, Қазақстан да бұл бағыттан қалыс қалмауы керек.
«Көп жағдайда жасөспірімдер құрамасында жас мамандар жұмыс істейді. Ермұхамед Мәуленмен толық келісемін — мұнда жергілікті жаттықтырушылар қызмет етуі тиіс. Кейбір қазақстандық жас мамандарға ұсыныс жасалғанын білемін, бірақ олар бас тартты. Олардың неге бас тартқанын да түсінемін», – деді ол.
Сондай-ақ Огай Қазақстан футбол федерациясының техникалық директоры Геннадий Скуртулдың кәсіби деңгейін ерекше атап өтті:
«Скуртулды жақсы білемін. Оның UEFA Pro және UEFA инструкторлық лицензиясы бар. Бұған қол жеткізу үшін Еуропада оқу қажет. Қазақстанда ондай лицензиясы бар маман жоқ. Скуртул — сауатты маман. Бізге „Барселонадан“ бапкерлер келе ме деп ойлайсыздар ма? Өз мамандарымызды дайындап, тәжірибені осында қолдануымыз керек», – деді жаттықтырушы.
Сонымен қатар ол төмен деңгейлі шетелдік мамандарға қарсы екенін айтты.
«Мен де әлсіз шетелдік бапкерлерге қарсымын. 90-жылдары Қазақстанның барлық жасөспірімдер мен жастар құрамаларын ресейліктер жаттықтырды. Сол кезде-ақ дабыл қағу керек еді», – деді Огай.
Оның пікірінше, бірінші лигада тек қазақстандық бапкерлер жұмыс істеуі қажет.
«Бірінші лигада отандық мамандар еңбек етуі тиіс. Бірнеше жыл бұрын ҚФФ „Неге біз Pro лицензиясы бар жаттықтырушыларды даярлаймыз? Әрқайсына 7 миллион теңге жұмсаймыз, ал олар үйде отыра ма?“ деген сауал қойған еді. Қазір көп жағдайда бапкерлер таныстықпен тағайындалады. Агенттер өз мамандарын, кейін өз футболшыларын әкеліп, басқарады. Бұл көптеген клубтарда бар. Жас бапкерлерге жаным ашиды — егер бір рет бас тартса, кейін жұмыс таба алмайды», – деді ол.
Огай агенттердің ықпалы қазақстандық футболдағы басты мәселелердің бірі екенін атап өтті:
«Егер осыдан құтылмасақ, футболымыз құлдырай береді. Агенттер өздеріне тиімді ойыншыларды ғана алға тартады. Көптеген клубта бұл өзгермейді. Чемпионаттың ортасында бірден 10 ойыншы басқа командаға ауысқанын көрдіңіздер ме? Бұл күлкілі жағдай», – деп түйіндеді маман.