Астанада футзалдан жасөспірімдер арасындағы Еуро-2027 өтеді

2027 жылы елордада жастар арасындағы футзалдан Еуропа чемпионаты өтеді. Бұл шешім Албания астанасы Тиранада өткен УЕФА Атқарушы комитетінің жиынында қабылданды
Қазақстан футбол федерациясы мен футзал қауымдастығының өтінімі мақұлданып, еліміз алғаш рет осындай деңгейдегі құрлықтық турнирге қожайын болмақ. Осыған сәйкес, жастар құрамасы автоматты түрде финалдық кезеңге жолдама алды.
Чемпионатқа барлығы сегіз құрама қатысады. Олар топтық кезең арқылы сынға түсіп, ақтық сында үздіктер анықталады. Турнирдің нақты кестесі мен ойындардың өтетін орындары кейінірек белгілі болады.
Айта кетейік, U-19 санатындағы Еуропа чемпионаты алғаш рет 2019 жылы ұйымдастырылған. Қазіргі чемпион – Португалия. Ал Испания екі мәрте (2019 және 2022 жылдары) топ жарып, ең табысты команда атанып отыр.
Қуантарлық жайт, Еуро-2027-нің Қазақстанда өтуі жас ойыншылар үшін үлкен тәжірибе мектебі болмақ. Сонымен қатар елордада өтетін жарыс еліміздегі футзалдың дамуына жаңа серпін береді деп күтіледі.