Таеквондо: әлем чемпионатында жүлде алған қос қазақ қызы Катарда топ жарды
Қазақстан таеквондо федерациясы
Катар астанасы Дохада таеквондодан G-1 санатындағы халықаралық рейтингтік турнир өтіп, онда қазақтың қос қызы жеңіс шыңын бағындырды, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Qatar Open жарысында әйелдер арасынла 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Айдана Құмартаева ширек финалда ол Селсабила Зедириді (Алжир), ал жартылай финалда Майсан Камкасумфуды (Франция) жеңді. Финалда спортшы үндістандық қарсыласы, осыдан 20 күн бұрын әлем чемпионатында жекпе-жек өткізген Вайшневамен кездесіп, 2:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты.
53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нодира Ахмедова жарысты ширек финалдан бастады, онда Ливан спортшысы Деми Аби Хайланы сенімді түрде жеңді. Жартылай финалда ол командаласы Нурай Бауыржанованы жеңіп, финалға шықты. Финалда Нодира Франция спортшысы Леня Камкасумфудан айласын асырды.

Осылайша, әлем чемпионатында қос қоланы қоржынға салған Айдана Құмартаева мен Нодира Ахмедова Катардағы жарыстың чемпионы атанды.