Таеквондодан бес қазақ төрешісі алдағы екі жылда халықаралық жарыстарда жұмыс істейді

Таеквондодан бес қазақ төрешісі алдағы екі жылда халықаралық жарыстарда жұмыс істейді
Басқа

Сурет: Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясы

Таеквондодан Қазақстанның бес төрешісі 2026–2028 жылдарға арналған халықаралық іріктеуден сәтті өтті, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

2026–2028 жылдарға арналған таеквондо (WT) бойынша халықаралық төрешілерді іріктеу және оқу-жаттығу жиындарының қорытындысы бойынша қазақстандық бес төреші “WT Standing International Referee” мәртебесіне ие болды. Малика Жандаева, Дәурен Алғабаев, Арайлым Аймурзина, Руслан Бакиев және Айдана Махимова 2028 жылға дейін Дүниежүзілік таеквондо федерациясымен (World Taekwondo) тікелей қызмет атқарады.

Халықаралық төреші мәртебесі World Taekwondo ұйымы өткізетін және мойындайтын жарыстарда әділдік пен жоғары кәсіби деңгейдің қамтамасыз етілуінде маңызды рөл атқарады. Аталған мәртебеге ие төрешілер WT іс-шараларына тағайындалады. G-6 және одан жоғары санаттағы турнирлерге (соның ішінде GP Challenges), сондай-ақ, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына төреші ретінде қарастырылу мүмкіндігіне ие болады.

“WT Standing International Referee” мәртебесі аясында қызмет атқару үшін 2026 жылы Кёруги бойынша халықаралық төрешілердің біліктілігін арттыру курсынан өту міндетті. Мәртебе 2028 жылдың соңына дейін жарамды және Кёруги бойынша халықаралық төрешілерді әкімшілендіру ережесіне сәйкес реттеледі.