Қазақстандық шпагашылардың «алтыны» тарихи, бірақ кездейсоқ емес

Қазақстандық шпагашылардың «алтыны» тарихи, бірақ кездейсоқ емес
Басқа

Қазақстандық семсерлесушілердің жуырда Ыстамбұлда өткен әлем кубогындағы жеңісі шынымен де «тарихи» деген анықтамаға сай келеді, өйткені олар бұрын-соңды мұндай жетістікке жетпеген. Бірақ бұны сенсация деп айта аламыз ба? Бәлкім, ішінара ғана, өйткені бұл спорт түрінде біздің спортшылар әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттіліктерін бірнеше рет дәлелдеді. Соңғы кездері бұған анық көз жеткізіп келеміз.

Жастық пен тәжірибенің үйлесімі. Мәселен, осыдан екі ай бұрын Аргентина астанасында өткен әлем кубогінің кезеңінде шпагадан қазақ семсерлесушілері командалық сайыста жартылай финалға дейін жетіп, әлемдік рейтингте 2-орында тұрған итальяндықтарды жеңді. Нәтижесінде 4-орынға ие болды. Бір-екі аптадан кейін Гран-при турнирінде (онда тек жеке біріншілік ойналады, ал рейтингтік ұпайлар бойынша ол әлем кубогі кезеңіндегі жеке жарыстардан бір жарым есе артық), Колумбияның Кали қаласында біздің Руслан Құрбанов 5-орынға ие болды. Яғни, жеңіс тұғырынан бір адым қалғанда тоқтады: семсерлесушілер арасында жеке жарыста бокс пен күрестегі сияқты «қола» екі жартылай финалистке де беріледі.

Сонымен қатар, өткен жылғы әлем чемпионатында Құрбанов жеке біріншілікте 6-шы, ал ҚР құрамасының тәжірибелі семсерлесушісі Эльмир Әлімжанов 7-ші орын алғанын еске сала кетейік. Екі қазақстандық семсерлесуші бірден әлем чемпионатының ширек финалына өткен жағдай бұрын-соңды болмаған. Айтпақшы, Әлімжанов турнир барысында алдыңғы әлем чемпионатының «алтынының» иегері және соңғы Олимпиаданың күміс жүлдегері венгриялық Гергей Шиклошиді де турнирден шығарып тастаған болатын. Ал Құрбанов 1/4 финалда қазіргі Олимпиада чемпионы француз Ромен Канноннан екі укол айырмашылығымен (13:15) жеңіліп қалды. Дәл сол спортшы 2022 жылғы әлем чемпионатының тұғырының жоғарғы сатысына көтерілген.

Бүгінгі таңда Құрбанов шпагадан семсерлесушілердің жеке рейтингінде 7-ші, Әлімжанов 19-шы орында. Оларға осы уақытқа дейін жеке біріншілікте ерекше жетістікке жете алмаған, бірақ өзін бірнеше рет мықты командалық күрескер ретінде көрсеткен Вадим Шарлаимовты қосыңыз. Олардан бөлек 24 жастағы Ерлік Сертай да Ыстамбұлда өткен әлем кубогы кезеңінде біздің команданың құрамында өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған еді. Жас семсерлесуші итальяндықтармен және испандықтармен ең маңызды текетірестерде өзінің микро дуэльдерін жеңіп, табысқа өз үлесін қосты. Басқаша айтқанда, оның көмегімен команда күшейтілді деуге толық негіз бар. Сондай-ақ, венгриялық маман Ференц Тоттың қазақ шпагашыларымен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп, шеберліктерінің өсуіне қосымша серпін бергенін қосамыз. Командалық жекпе-жек эстафеталық жарыс принципі бойынша өтеді. Тұрақты нөмірлер тағайындалған команданың үш мүшесі (қажет болған жағдайда төртінші қосалқы ойыншы да командаға көмектесе алады), бір-бірін алмастыра отырып, үш қарсыластың әрқайсысымен кездеседі. Барлығы 9 дуэль раундтары болады. Біріншісі командалардың бірі енгізген 5 уколға дейін, екіншісі 10 уколға дейін жалғасады, үшіншісі 15-ке дейін және т.б. Тиісінше, тоғызыншы, яғни финал 45 уколға дейін жалғасады. Әрбір раунд үш минуттан аспайды және осы уақыт ішінде командалар максималды мүмкін ұпайға жетуге тырысады. Жекпе-жек көбінесе командалардың бірінің 45 уколынан кейін аяқталса да, олардан саны азырақ нәтижелер жеңімпаз үшін жиі жазылады. Мәселен, әлем кубогының Ыстамбулдағы кезеңінде бір жекпе-жек 25:24 есебімен аяқталды. Егер шпагадан семсерлесушілердің жеке есебінде күтпеген нәтижелер көп тіркелсе, командалық турнирде «кездейсоқтық элементі» айтарлықтай азаяды. Өйткені, барлық командаларға үш бірдей мықты жауынгер табу оңай емес. Тиісінше, мұнда сенсациялар жеке жарыстарға қарағанда әлдеқайда аз болады.

Жеңіске бастар жол. 3 сәуірде семсерлесушілер 2024 жылғы Олимпиадаға іріктеу науқанын бастады. Қару түрлерінің әрқайсысынан ерлер мен әйелдер шпага, сабля және рапирадан үш қатысушыдан тұратын 8 команда ғана Жазғы ойындарға бару құқығын алады (Парижде командалық және жекелей жарыстарға барлығы 24 спортшы қатысады). Көріп отырғаныңыздай, квоталар өте аз, сондықтан рейтингтік ұпайлардың максималды санын алу үшін барлық іріктеу турнирлеріне қатысу өте маңызды.
Әлем кубогының Ыстамбұл кезеңі турнирлер сериясының біріншісі болды, оның нәтижелері ерлер шпагасының семсерлесушілерінің олимпиадалық рейтингі үшін есептеледі. Командалық біріншілікке 46 команда, (тіпті өткен жылғы әлем чемпионатынан сәл артық), ал жеке біріншілікке 350-ге жуық спортшы өтініш білдірді. Қатысушылардың мұндай қомақты саны мен жоғары бәсекелестік мүмкіндігінше көп рейтингтік ұпай жинап, іріктеу науқанының басынан-ақ Олимпиада-2024 жолдамалары үшін күресу ниетімен түсіндірілді.

34 олимпиадалық квотаның 24-і командалар рейтингін ескере отырып бөлінетіндіктен, командалық турнирлер ерекше маңызға ие (әсіресе олардың жетістігі Парижге толық құрамды жіберуге мүмкіндік беретіндіктен). Сондықтан біз Ыстамбұлдағы кубоктік кезеңдегі командалық біріншілікке үлкен көңіл бөлдік. Ол сынды қазақстандықтар колумбиялықтарға қарсы ауыр жеңіспен бастады. Төрт раундтан кейін есеп теңестірілді десек те, кейін біздің жігіттер басымдықтарын сәл арттырып, 45:41 есебімен жеңіске жетті.

Олардың келесі қарсыластары Давиде Ди Вероли, Габриэль Чимини және Федерико Висмара сынды спортшылары бар итальяндықтар болды. Өткен жылы ардагер Андреа Сантареллимен бірге олар финалда француздардан ұтылып, әлем чемпионатында өз еліне «күміс» әкелді. Сонымен қатар, үшеуі де биылғы екі Гран-при турнирінде медаль жеңіп алды: Чимини Будапештте алтын, ал Ди Вероли мен Висмара Калиде күміс пен қоланы жеңіп алды (соңғысы ширек финалда Құрбановты тоқтатты).

Әлем кубогының алдыңғы кезеңінде итальяндықтарды жеңіп үлгерген қазақстандықтар бірден алға шығып, алтыншы раундта Әлімжанов есепті 30:20-ға жеткізді. Осыдан кейін екі команда да қосалқы құрамдағы ойыншысын шығарды: сірә, біздің құрама – негізі ойыншының біріне үзіліс беру үшін, ал итальяндық бапкер жекпе-жектің бағытын өзгерту үшін осындай қадамға барса керек. Сертай әлемдік жеке рейтингте үздік 20-ның қатарына енетін Валерио Куомомен жекпе-жегінде барлық серіктестері сияқты, көшбасшылықты сақтап қана қоймай, оны +13-ке жеткізді. Содан кейін біздің жігіттер сабырмен істі логикалық қорытындыға жеткізді – 45:31. Бір ғажабы, ең қиыны әлемдік элитаға кірмейтін аргентиналықтармен қарсыласу болды. Оңтүстік америкалықтар түріктерді, израильдіктерді және 2012 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы (жеке жарыстың чемпионы) Рубен Гаскон Лимардо бастаған өз құрлығының көшбасшылары венесуэлалықтарды (командалық рейтингте 7-ші) жеңгеннен кейін 1/4 финалға дейін жете алды. Олар да отандастарымызға нағыз жекпе-жек көрсетіп, барлық уақытта бірінші үш-төрт, сосын бір-екі ұпаймен басымдылыққа ие болды. Тек 8-ші раундта Шарлаимов есепті теңестіріп, финалдық раундта да жеңімпаз анықталмады. Негізгі уақыт 44:44 есебімен тең аяқталып, қосымша уақыт белгіленді, онда Эльмир жеңіске жеткізген соққыны жасады. Бұл кезеңде екі күтпеген нәтиже тіркелді. Қазіргі әлем чемпиондары француздар голландиялықтардан жеңілді - 38:45, венгрлер испандықтарға ұтылды - 35:37. Бірақ 2020 жылғы Олимпиада чемпиондары мен 2022 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегерлері жапондықтардың корейлерден жеңілісін сенсация деп санауға болмайды, себебі бұл командалар бір деңгейде. Жартылай финалда Қазақстан құрамасы Испания құрамасымен кездесіп, бұл жолы сенімдірек жеңіске жетті. Үшінші раундтан бастап алға шықты, содан кейін ол басымдықты жібермеді. Бесінші раундта қосалқы құрамдағы Сертай да белдесуінде жеңіске жетіп, басымдылығымызды бес уколға жеткізді. Келесі екі кезеңде Шарлаимов пен Құрбанов оны онға жеткізді. Әлімжанов нүкте қойды – 45:32.

«Алтын» үшін шайқаста біздің шпагашыларға Ыстамбулда даңқты жолды жүріп өткен голландиялықтар қарсылас болды. Олар Украинаның, Қытайдың, Францияның және Оңтүстік Кореяның өте күшті командаларын турнирден шығарды Алғашында текетірес біздің пайдамызға болмады. Отандық спортшылар төрт укол айырмасымен ұтылып жатты. Бірақ үшінші раундта Құрбанов серпіліс жасап, екі өреніміз оның күш-жігерін қолдап, ақырында айырмашылық онға жуық ұпайға жетті. Ал Әлімжанов финалдық сегментте айырмашылықты он төрт ұпайға жеткізді - 34:20. Осылайша ел намысын абыроймен қорғаған семсерлесушілер жеңіс тұғырына көтерілді.


Нысанамыз – Олимпиада. Бұл жеңіс біздің командамызды 64 ұпаймен әлемдік рейтингте 16-шы орыннан 9-шы орынға көтерді. 8-ші орында тұрған Қытай құрамасымен арамызды бір ғана ұпай бөліп тұр (сәйкесінше қос командада 199 және 198 ұпайдан). Рейтингтің бірінші сатысында Франция құрамасы орналасқан. Оларда 388, Италияда 333, Оңтүстік Кореяда 274, Венгрияда 268, Жапонияда 262, Венесуэлада 230, Швейцария семсерлесушілерінде 209 ұпай бар. Ағымдағы рейтингтегі позициялардың айтарлықтай жақсаруы да маңызды, өйткені оған байланысты келесі турнирлерде қарсылас жұптар қалыптасады: яғни рейтингте неғұрлым жоғары болған құрама, соғұрлым әлсіз қарсыласпен жекпе-жек өткізеді. Бірақ бастысы, шпагадан қазақстандық семсерлесушілер Олимпиадаға іріктеу рейтингінің көшін бастады. Осылайша Парижге толық құраммен жету үшін күресте тамаша мүмкіндік алды. Олимпиадалық квалификациялық рейтингте 1-ден 4-ке дейін орын алған командалар Жазғы ойындарға қатысуға бірден жолдама алады. Қалған төрт жолдама өз құрлықтық аймақтарының рейтингінде ең жоғары орналасқан командаларға беріледі. Ол үшін аталған командалар әлемдік рейтингте үздік 16 мемлекеттің қатарында болуы керек. Соңғы түсініктеме Африка үшін өзекті: алдыңғы екі іріктеу науқанының нәтижелері бойынша Қара құрлықтан келген командалардың ешқайсысы бұл шартты орындай алмаса, квотасы басқаларға беріледі. Қазақстандық семсерлесушілерге Парижге барар жолда сәттілік тілейік...

Дереккөз: qmonitor.kz