Қарасай ауданында Амангелді Бектасовты еске алуға арналған алғашқы халықаралық турнир өтіп жатыр

Қарасай ауданында Амангелді Бектасовты еске алуға арналған алғашқы халықаралық турнир өтіп жатыр
Бокс

Алматы облысы Қарасай ауданында бокстан еңбек ардагері Амангелді Бектасовты еске алуға арналған алғашқы республикалық ашық турнир шымылдығын түрді. Додаға Қазақстанның барлық өңірінен бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген жас боксшылар қатысып жатыр.

Бұл — 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы тұңғыш ұйымдастырылған турнир. Рингке жалпы саны 300-ге жуық спортшы шығып, өзара мықтыны анықтауда. 

Жарыстың ұйымдастырушысы Жеңіс Бектасовтың айтуынша, турнирдің басты миссиясы — жас спортшыларға рух беріп, болашақ әлем және Олимпиада чемпиондарына жол ашу. Жеңіс Амангелдіұлы әкесі Амангелді Бектасовтың Қарасай ауданында бокстан спорт шеберлігіне үміткер нормасын алғаш орындаған азамат екенін атап өтті.

«Әкеміз өмірін спортқа, еңбекке және бала тәрбиесіне арнады. Қазақ боксының қара нарларымен бірге жүріп, бізді де салауатты өмір салтына баулыды. Соңғы сәтінде қазақ боксының дамуына үлес қосуды аманат етті. Сол аманатты орындап, жас боксшыларға серпін беретін турнир өткізуді жөн көрдік. Мүмкін, болашақ Олимпиада чемпиондары дәл осы балалардың арасынан шығар», — деді ол.

Турнирдің құрметті қонақтарының қатары да ерекше. Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, ММА шебері Арман Оспанов және кәсіпқой боксшы Садриддин Ахметов жас спортшыларға қолдау білдірді.

Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов жарыстың мән-маңызына тоқталды:

«Бокс қазақ халқы үшін әрқашан №1 спорт болып қала береді. Мұндай турнирлер жастардың техникасын жетілдіріп, шеберлігін шыңдауға кең мүмкіндік береді. Біз — әлемдегі мықты бокс державаларының біріміз. Сондықтан резервіміз әлсіремеуі тиіс, қазақ жұдырығының қуаты әрдайым биік болуға міндетті».

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне чемпиондық белбеулер, арнайы мүсіншелер және ақшалай сыйлықтар табысталады.

Бәсеке жексенбі күні өз мәресіне жетеді.