Месси дубль жасап, MLS тарихында рекорд орнатты

Месси дубль жасап, MLS тарихында рекорд орнатты
Футбол

ESPN India

АҚШ-тың Форт-Лодердейл қаласында өткен матчта «Интер Майами» өз алаңында «Нэшвилл» клубын 2:1 есебімен жеңіп шықты. Кездесу DRV PNK Stadium аренасында өтті.

Жеңімпаз команда сапында қос голдың авторы — аргентиналық шабуылшы Лионель Месси болды. Қонақтардан жалғыз голды Германия өкілі Хани Мухтар соқты. Ал «Интердің» басқа жұлдыздары — Жорди Альба, Серхио Бускетс және Луис Суарес негізгі құрамда алаңға шыққанымен, нәтижелі әрекеттермен көзге түсе алмады.

Бұл дубль Месси үшін ерекше мәнге ие. Ол MLS тарихында қатарынан бес матчта екі немесе одан да көп гол соққан тұңғыш футболшы атанды. Бұған дейін бұл көрсеткішті қатарынан төрт кездесуде қайталаған жалғыз ойыншы да — дәл осы Месси болатын.

Жалпы турнирлік кестеде «Интер Майами» 19 матчтан кейін 38 ұпай жинап, Шығыс конференциясында бесінші орынға жайғасты. Ал «Нэшвилл» үш ойын артық өткізіп, 41 ұпаймен үшінші орында тұр.