Хаби Алонсо талапты күшейтті. «Реал» шабуылшыларына жаңа ереже енгізілді

Футбол
РБК Спорт
Мадридтік «Реалдың» бас бапкері Хаби Алонсо командада жаңа тәртіп орнатты. Бұл туралы Bassport.kz сайты El Chiringuito бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Танымал испан журналисі Эду Агирренің айтуынша, шабуылдаушы футболшылар енді тек шабуылда ғана емес, қорғаныста да белсенді жұмыс істеуі тиіс.
– «Реалда» бұрын мұндай болған емес. Енді шабуылшылар прессинг жасап, қорғанысқа көмектесуге міндетті. Тамыздан бастап Хаби Алонсо үндемейді. Ол өте талапшыл. Кім жұмыс істесе — сол алаңда. Ал кім жалқауланса — бірден қосалқы құрамға кетеді. Команда ішіндегі жағдай толық өзгерді, – деді Агирре.
Айта кетейік, Хаби Алонсоның келуінен кейін «Реалдың» шабуыл шебіндегі негізгі ойыншысы Родриго Клубтық әлем чемпионатында бар болғаны бірнеше минут қана алаңға шықты. Сондай-ақ, бірнеше кездесуде бапкер Винисиусты ойын ортасында алмастырған болатын.
Еске сала кетсек, «Реал» клубтық әлем чемпионатының жартылай финалында ПСЖ клубынан 0:4 есебімен ойсырай жеңілді.