ҚПЛ-дегі даулы матч төрешілері ауыр жазаға тартылды

Meta-ratings.kz
“Тұран” мен “Қызылжар” арасындағы ойыннан кейін үлкен дау туғызған шешімдер үшін матчтың бас төрешісі Тимур Құмашев пен бейнеқолдаушысы Георгий Чеховский 2025 жылғы маусымның соңына дейін жарыстардан шеттетілді. Бұл туралы Bassport.kz хабарлайды.
Қазақстан футбол федерациясы жанындағы төрешілер мен инспекторлар департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру 16-тур аясындағы “Тұран” – “Қызылжар” кездесуіндегі даулы сәттерге байланысты ресми түсініктеме жариялады. Федерацияның Интегрити-офицері аталған екі ресми тұлғаның шартты матчтарға қатысы болуы мүмкін деген ақпарат берген.
12 шілде күні өткен ойындағы 84-минуттағы эпизод жан-жақты зерттеліп, бейнематериалдар мен сарапшылар пікірі және төрешілердің түсіндірмелері тыңдалды. Қорытынды бойынша, “Тұран” қорғаушысы шабуылдаушыны екі қолымен ұстағаны анықталғанымен, қарсылас ойыншының әрекеті – кеш және қасақана жасалған симуляция деп танылды. Пенальти белгілеуге негіз бар болғанымен, ең дұрыс шешім – 11 метрлік соққы тағайындамау еді.
Аталған сәтте бас төреші мен VAR өкілінің кәсіби баға бере алмағаны және өзара байланыс орната алмағаны салдарынан қате шешім қабылданғаны анықталды. Бұған дейін Тимур Құмашев бір айға шеттетілген болатын, ал Георгий Чеховскийге қатысты тергеу басталғаны белгілі.
Төрешілерге деген сенімді сақтау және төрешілік беделін қорғау мақсатында:
• Тимур Құмашев 2025 жылғы маусымның соңына дейін ҚФФ аясындағы матчтарға қатыса алмайды.
• Георгий Чеховский де дәл осы мерзімге жарыстардан шеттетілді.
Қазіргі уақытта екі тұлға да шартты матчтарға қатысу күдігімен тергеу тізімінде тұр.