Жәнібек Әлімханұлы WBC чемпионын сынға алды

Жәнібек Әлімханұлы WBC чемпионын сынға алды
Бокс

sportarena.kz

Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы өзінің дивизионындағы басты қарсыластарының бірі — WBC белбеуінің иегері Карлос Адаместі өткір сынға алды, деп хабарлайды Bassport.kz.

Жәнібек доминикандық боксшының әлеуметтік желіде жариялаған суретіне пікір білдірді. Онда Адамес чемпиондық белбеумен қымбат көліктердің жанында тұрған сәті бейнеленіп, “Нағыз чемпион” деген жазба қалдырған.

“Ол бұл белбеуді тек фотосессиялар үшін тағып жүр. Ал нағыз чемпион басқа чемпиондармен жекпе-жекке шығуы керек емес пе? Бірақ бұл оған тән емес — ол тәуекелге барғысы келмейді. Себебі дәл сол сәтте белбеуден айырылса, ешкім онымен суретке түскісі де келмейді. Бұл – оны шын мәнінде қорқытатын нәрсе”, – деп жазды “Қазақ стилі” өзінің Х (бұрынғы Twitter) парақшасында.

Әлімханұлының бұл мәлімдемесі екі чемпион арасындағы ықтимал жекпе-жекке қызығушылықты одан әрі арттыра түсті.