ҚФФ төрешілердің келісілген матчтерге қатысы бар деп күдіктеуде

kff.kz
Қазақстандық футболда төрешілерге қатысты жаңа даулы жағдай туындады, деп хабарлайды Bassport.kz. «Тұран» мен «Қызылжар» арасындағы матчтан кейін бас төреші Тимур Құмашев пен бейнеқолдау көмекшісі Георгий Чеховский 2025 жылғы маусымның соңына дейін қызметінен шеттетілді.
Қазақстан футбол федерациясы бұл оқиға бойынша ресми түрде тергеу басталғанын хабарлады. Екі төреші де келісілген матчтерге қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінді. Яғни, Құмашев пен Чеховский бір ғана емес, бірнеше күмәнді ойындарға тартылған болуы ықтимал.
Құмашев 2014 жылдан бері Премьер-лигада төрелік етеді және Астана қаласында тіркелген. Осы маусымда ол қателіктері үшін бір айға уақытша шеттетілген болатын. Қазір ҚФФ оның сол кездегі әрекеттерінің әдейі жасалған-жасалмағанын зерттеп жатыр. 2025 жылғы маусым басталғалы бері ол бас төреші ретінде алты ойын өткізген. Тергеу аясында осы ойындардың әрқайсысы тексерілуі мүмкін.
Георгий Чеховский Премьер-лигада 2017 жылдан бері төрелік етеді және ол да Астанада тұрады. «Тұран» мен «Қызылжар» арасындағы даулы кездесуде VAR көмекшісі ретінде қызмет атқарған. Қазіргі уақытта оның да бұған дейінгі қызметі назарға алынып, толықтай зерттеліп жатыр.
ҚФФ бұл істі егжей-тегжейлі тексеріп, төрешілік жүйеге деген сенімді қалпына келтіру үшін нақты шешімдер қабылдауға ниетті.