Қазақстандағы кәсіби футбол клубтарын коммерцияландыру: жаңа кезеңнің басталуы

Қазақстандағы кәсіби футбол клубтарын коммерцияландыру: жаңа кезеңнің басталуы
Футбол

“Жеңіс” ФК

Қазақстанда кәсіби футболды басқарудың жаңа моделі қалыптасуда. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылдың 8 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында футбол клубтарын коммерцияландыру (приватизация) жұмысын жеделдетуді тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан футбол федерациясы және жергілікті атқарушы органдар жүйелі шараларды іске асырып келеді. Процеске белсенді түрде жеке бизнес өкілдері тартылуда.

Қазақстандағы футбол клубтарының қазіргі жағдайы

Бүгінде елімізде 19 өңірден 26 кәсіби футбол клубы жұмыс істейді:

• 16 клуб – Премьер-лигада

• 10 клуб – Бірінші лигада

Алматы облысында кәсіби клуб жоқ.

Олардың ішінде төрт клуб бастапқыдан жекеменшік мәртебеге ие: «Қайрат», AKAS, «Хан Тәңірі» және SD Family. Коммерцияландыру нәтижелері: өткен жылдардың маңызды өзгерістері

2025 жылы кәсіби футболды жекешелендіру ісі айтарлықтай қарқын алды. Бір жыл ішінде 5 клуб коммерцияландырылды:

• «Женіс»

• «Қайсар»

• «Қызыл-Жар»

• «Шахтер»

• «Ақтөбе»

Жаңа иелер және инвестициялар

• 30 қазан – «Қайсар» клубы бизнесмен Исламғали Козбаковқа («TAU GROUP LTD») өтті.

• 10 қараша – «Қызыл-Жар» клубын Сергей Кан (АО «ЦАТЭК») сатып алды.

• 14 қараша – «Женіс» клубының жаңа иесі Михаил Ломтадзе (Kaspi Group) болды.

• «Шахтердің» жаңа қожайыны — Тимур Турлов (Freedom Finance).

• 18 қараша – «Ақтөбе» клубын Нурлан Артықбаев (Qazaq Stroy) иеленді.

Бұл өзгерістер қазақстандық футболды қаржыландырудың жаңа сатысына көтеріп, клубтардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымды жаңғырту: жаңа академиялар салынуда

«Коммерцияландыру тек басқару моделін өзгерту ғана емес, футбол инфрақұрылымын дамытуға да серпін беруде. Нәтижесінде Астана қаласы әкімдігі «Жеңіс» клубына жаңа академия мен оқу-жаттығу базасын салу үшін 8 гектар жер бөлді ал Қарағанды қаласында «Шахтер» клубының жаңа футбол академиясының құрылысы басталды.
Бұл жобалар балалар мен жасөспірімдер футболының дамуына, өңірлік спорт инфрақұрылымының жаңаруына ықпал етеді,» - деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі Мейрамғазы Сапарғалиев.

Қазірге белгілі болған тағы бір ақпарат келесі кезеңде тағы екі клуб жекешелендірілмек. 

Қазіргі таңда екі клуб бойынша келіссөздер жүргізілуде:

• «Тараз ФК» – клубты сатып алуға ТОО «SD Family» (Дидар Сыдықбек) қызығушылық білдіруде.

• «Ертіс» ФК – клубты ERG компаниясы сатып алуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар қалған клубтар бойынша да алдын ала келіссөздер, модельдерді талқылау және инвесторлармен жұмыс жалғасуда.

Министрлік өкілінің айтуынша коммерцияландырудың басты мақсаты мыналар болмақ:

• мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділікті азайту;

• басқару тиімділігін арттыру;

• кәсіби футболды дамытуға жеке капиталды тарту;

• заманауи инфрақұрылым қалыптастыру;

• клубтардың ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Бұл өзгерістер Қазақстандағы футбол экожүйесінің сапалы жаңғыруына, спорттық менеджменттің кәсібиленуіне және халықаралық аренада нәтижелердің жақсаруына ықпал етеді.