Қазақстанда UFC турнирін өткізу үшін қандай шарттар қажет?

Қазақстанда UFC турнирін өткізу үшін қандай шарттар қажет?
Жекпе-жек

Combat Arena

Bassport.kz мәліметінше, Octagon лигасының негізін қалаушы Нұраддин Садықов UFC турнирін Қазақстанда өткізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Бұл жөнінде ол kana beisekeyev YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

Садықовтың айтуынша, UFC турнирі елімізде ерте ме, кеш пе міндетті түрде өтеді. Ол Шавкат Рахмонов пен Бекзат Алмахан арасындағы соңғы жекпе-жектерді мысалға келтіре отырып, сол кеш Қазақстан үшін тарихи сәт болар еді деген ойын жеткізді.

— Егер Шавкат сол күні жарақатына қарамастан Белалды жеңсе, бүгін мүлде басқа жағдай болар еді. Белал сол кеште өз бабында болмады, ал Шавкат жарақатпен де оны жеңе алатын еді. Егер бізде чемпиондық белбеу болғанда, UFC-ді Қазақстанға шақыру әлдеқайда оңай болар еді, — деді Садықов.

Ол Қазақстанның инфрақұрылым жағынан мұндай ауқымды турнирлерді қабылдауға дайын екенін атап өтті. Астана мен Алматыда қажетті барлық мүмкіндік бар. Бұл еліміздің халықаралық деңгейде танылуына ықпал етіп, спорттық туризмді де дамытуға жол ашар еді.

— Бұл жоба бастапқыда өзін ақтамаса да, ұзақ мерзімде үлкен нәтиже береді. Қазірдің өзінде Баку осы форматтың сәтті үлгісін көрсетіп отыр. Біз де аймақтағы жекпе-жек өнерінің орталығына айнала аламыз, — деді Нұраддин Садықов.

Алайда UFC-дің Қазақстанға келуі үшін ең басты шарт — мемлекет тарапынан кепілдік пен қолдау.

— Бұл дегеніміз, турнирдің өткізілуіне қатысты толық мемлекеттік кепіл қажет. Біздің елде министрлер жиі ауысады, сол себепті тұрақтылық керек. Сонымен қатар қаржылық және әкімшілік қолдау қажет. Бұл мемлекеттен толық қаржыландыруды білдірмейді, елімізде ірі демеуші бола алатын компаниялар жеткілікті. Мемлекет тек ұйымдастырушы әрі үйлестіруші рөл атқаруы керек, — деп түйіндеді Садықов.