Абат Айымбетов мансабын Иранда жалғастырады

Абат Айымбетов мансабын Иранда жалғастырады
Футбол

KFF

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов карьерасын Парсы шығанағында жалғастыруға түпкілікті шешім қабылдады. Бұл туралы kazakh_football_inside арнасы хабарлады Жақында ғана 30 жасқа толған футболшы енді Иранның «Персеполис» клубының сапында өнер көрсетпек. Қазіргі таңда команда жергілікті біріншілікте алтыншы орында келеді. Бұған дейін легионерге бірнеше елдің клубтары қызығушылық танытқан. Legalbet.kz дерегінше, Ливиядан ресми ұсыныс түскен, ал одан бұрын Айымбетовтің агентіне Ирактың бір командасы хабарласқан еді. 

Айта кетейік, Түркиядағы маусым аяқталған соң ол еркін агент мәртебесіне ие болды. Қазақстандық клубтар да қызығушылық білдіргенімен, ойыншы шетелде ойнауды жөн санады. Ұлттық құрама сапында 45 матч өткізіп, 9 гол соққан және 3 нәтижелі пас берген Айымбетов бұған дейін «Ақтөбе», «Қайрат», «Астана» командаларында ойнады. Соңғы бір жарым жылын Түркияның «Адана Демирспор» клубында өткізіп, 27 кездесуде 5 голдың авторы атанды. Transfermarkt порталы футболшының қазіргі құнын 450 мың еуроға бағалап отыр.